Павлодар облысында футболды дамыту тұжырымдамасы қоғамдық талқылауға шығарылды

Туризм және спортты дамыту басқармасы алдағы бес жылда өңірде футболды дамыту тұжырымдамасын дайындады. Онда негізгі бағыттар, олар бойынша проблемалар және ұсынылатын шешімдер көрсетілген. Облыс тұрғындарының ұсыныстары мен тілектерін қамтитын жоспарды әзірлеу үшін тұжырымдама қоғамдық талқылауға шығарылады.

Мәселен, өңірде футболды бес бағытта өзгерту арқылы дамыту ұсынылды.

Бірінші бағыт — бұл процеске қатысушылардың, соның ішінде басқарма, футбол клубтары мен Павлодар облысының футбол федерациясы қызметінің ашықтығын арттыру. Тараптардың толық транспаренттілігі және олардың қаражатты жұмсауы, сондай-ақ қоғам алдында есеп беруі облыс футболындағы істердің ағымдағы жағдайын жақсартуы тиіс. Сонымен қатар тараптар үшін тиімділік көрсеткіштерін енгізу ұсынылды.

Павлодар облысының Футбол федерациясына ерекше көңіл бөлінді. Бұл екінші бағыт. Федерацияның жұмысын «қайта жүктеу» қажет. Ұйымның құрылымы мен бизнес-үдерістерін оңтайландыру, футболды дамыту жөніндегі кеңес құру және ТМД мен Еуропаның жетекші клубтарымен ынтымақтастық жасау оны тиімді етуі тиіс.

Үшінші бағыт — балалар мен жасөспірімдер футболы. Оның дамуын ең алдымен спорт мектептері мен футбол объектілерінің материалдық-техникалық базасының әлсіздігі, сондай-ақ жаттықтырушылардың бәсекеге қабілеттілігінің жеткіліксіздігі тежеп отыр. БЖСМ, мектеп стадиондары мен футбол алаңдарын кешенді абаттандыру мен қамтамасыз етуге баса назар аудару жоспарлануда. Жаттықтырушылар кадрларын жетілдіру үшін тегін оқыту мен тұрақты курстар ұйымдастыру көзделіп отыр.

Тек балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту осы спорт түрін насихаттауда толыққанды нәтижеге кепілдік бермейді. Төртінші бағыт — студенттер және жастар футболы. Мұнда басымдық жастар арасындағы жарыстар мен турнирлердің мәртебесін федерацияның ресми жарыстарының жүйесіне енгізу арқылы арттыруға жасалған.

Жастар футболын қолдау, өз кезегінде, бұқаралық және әуесқой футболдың дамуына жағымды әсер етуі тиіс. Бұл бесінші бағыт. Облыс тұрғындарының түрлі топтары, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар футболға қызығушылық танытып, ойнауы тиіс. Футболмен шұғылдануды тиімді насихаттау үшін федерация мен әуесқой жарыстарды ұйымдастырушылардың арасында ынтымақтастық орнату, ақпараттық жұмысты күшейту және азаматтардың жекелеген санаттары арасында жарыстарға қолдау көрсетуді даралау ұсынылды.

Мұндай кешенді тәсіл қоғамдық денсаулықты нығайтуға, балалар мен жастардың жағымды жеке қасиеттерін дамытуға, сондай-ақ жергілікті кәсіби командалар мен ұлттық құрамалар үшін өз кадрларын тәрбиелеуге ықпал етеді деп күтілуде.

Өңір тұрғындары жарияланған тұжырымдамаға қатысты өз пікірлерімен және ұсыныстарымен келесілер арқылы бөлісе алады:

  • Email: ufks@pavlodar.gov.kz
  • Пошта: Павлодар қ., Мәшһүр Жүсіп көшесі, 170, Павлодар облысының туризм және спортты дамыту басқармасы
  • Тел.: +7 7182 61 94 00
  • WhatsApp: +7 775 392 7559
  • Instagram: @marat.aidashev
  • Facebook: com/nursultan.abykeshev.3

Қоғамдық талқылау 2020 жылғы 20 шілдеге дейін жалғасады. Қабылданған ұсыныстар мен тілектер Павлодар облысында 2020-2025 жылдарға арналған футболды дамыту жоспарын әзірлеу барысында ескерілетін болады.

Павлодар облысының туризм және спортты дамыту басқармасы


Концепция_Футбол